2021 жылдың 12 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайынғы «Altyn Samgay 2021» Ұлттық Спорттық Жүлдесінің жеңімпаздары анықталды. Мұнда еліміздің үздік спортшылары, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, эстрада жұлдыздары мен спорт әуесқойлары жиналды.

Мереке барысында жылдың үздік спортшылары, жаттықтырушылары мен спорт ұйымдары аңықталды. Ұлттық Паралимпиадалық Комитеттің таңдауымен «Паралимпиадалық спорттың үздік спортшысы» пара пауэрлифтингтен Әлем чемпионы, Токио-2020 паралимпиада ойындарының жеңімпазы Давид Дегтярев атанды.

Халықаралық дәрежедегі төреші, пара дзюдодан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Жандос Қиянов «Паралимпиадалық спорт түрлеріндегі үздік жаттықтырушы» деп танылды. Оның жаттығуындағы үш спортшы Ануар Сариев, Зарина Байбатина мен Даулет Теміржан Паралимпиада ойындарында күміс жүлдеге ие болды.

«Бүгін Паралимпиадалық спорт түрлерінің үздік жаттықтырушысы атанып отырмын. Еңбегімді жоғары бағалаған Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиадалық Комитетіне үлкен алғыс білдіремін. Бұл әрине менің ғана емес барлық спортшыларымның, жанкүйерлеміздің және жалпы пара дзюдо командасының ортақ жеңісі деп ойлаймын. Осы шараны үлкен дәрежеде өткізген ҚР Олимпиадалық Комитетіне зор ризашылығымды білдіремін», - деп жылдың үздік жаттықтырушысы алғыс айтты.

Ұлттық Паралимпиадалық Комитеттінің атынан жеңімпаздарды құттықтап, еңбектеріне жеміс тілейміз!