Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жақында ғана Германия елінде өткен лицензиялық турнирде күміс жүлдеге ие болған отырып ойнайтын волейбол құрама командасымен кездесті.

Алдымен спортшылардың дайындық барысын көрген өңір басшысы, халықаралық жарыстан жүлделі оралған волейболшыларды жеңістерімен құттықтады.

«Сіздердің спортқа деген құштарлықтарыңыз барша тұрғандарға, әсіресе, жастарға үлгі. Елімізде осындай ержүрек те, қайтпас-қайсар команда бар екенін мақтан тұтамыз. Алда әлі талай белестерді бағындыратындарыңыз сөзсіз. Бүгін күміс жүлде еншілесеңіздер, алда алтыннан алқа тағатындарыңызға сенемін», - деді облыс әкімі.

Тоқсан пайызы Атырау облысының спортшыларынан құралған волейболшылардан ұлттық құрама 1-5 маусым аралығында Германияда өткен халықаралық паралимпиадаға іріктеу турниріне қатысқан болатын. Ақтық сайыста немістердің құрамасына 3-1 есебімен есе жіберіп, күміс медальға ие болды. «Бұл спорт түрінен әлем бойынша 72 елдің командасы бар. Біз солардың алдыңғы қатарында келеміз. Құрамамыз көптеген сайыстарда өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп жүр. Айталық, спортшылар Қазақстан Республикасының 11 дүркін чемпионы, оған қосы Әлем чемпионатында, Азия және мұхитаралық чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болды. Жігіттер әлі де жоғары жетістіктерге жетері сөзсіз»,- деді отырып ойнайтын волейболдан КР ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов.

Командамен ашық әңгіме барысында спортшылар өз мәселелерін де ортаға салды. Облыс әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, шешімдер қарастырылатынын жеткізді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов еліміздің көк туын желбіретіп келген спортшыларға алдағы сайыстарға сәттілік тілей отырып, алғыс хаттар табыс етті. Ал спортшылар өз кезегінде өңір басшысына халықаралық турнирден әкелген естелік допты табыс етті.