18-20 шілде аралығында Тайбэй қаласында Азия Паралимпиада комитеті мен Қытай Тайбэйі Паралимпиада комитетінің ұйымдастыруымен APC Women in Sports екінші семинары өтті.



Іс-шараға 30 елден 52 өкіл қатысты. Олардың қатарында ұлттық паралимпиада комитеттерінің, өңірлік паралимпиадалық ұйымдардың және халықаралық спорт құрылымдарының өкілдері болды. Сондай-ақ семинарға Америка құрлығы Паралимпиада комитетінің президенті, Еуропа Паралимпиада комитетінің президенті, Азия Паралимпиада комитетінің басшылығы және World Abilitysport ұйымының өкілдері қатысты.



Қазақстан Республикасы Ұлттық Паралимпиада комитетінің атынан семинарға Қазақстан Республикасы Ұлттық Паралимпиада комитетінің спорт жөніндегі менеджері, APC Women in Sport комитетінің мүшесі Меруерт Тлебалды қатысты.

Семинар бағдарламасы пара спорттағы әйелдер көшбасшылығы мен басқаруды дамыту, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және Паралимпиада қозғалысының жаңа буын көшбасшыларын даярлау мәселелеріне арналды.

Сарапшылық сессиялар барысында қатысушылар халықаралық тәжірибе мен үздік практикалармен алмасып, инклюзивті ортаны дамыту, гендерлік теңдікті нығайту және әйелдердің спортшы, жаттықтырушы, техникалық ресми тұлға, классификатор, спорт әкімшісі және басшы ретінде қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады.