Қазақстан Республикасының волейболды отырып ойнаудан Ұлттық құрамасы 10-17 шілде аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Турнирге әлемнің ең үздік 16 құрамасы қатысты.





Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Хорватия және Ирак құрамаларын жеңіп, тек 2024 жылғы жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері – Бразилия құрамасына ғана есе жіберді.

«С» тобында екінші орын алған Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасы плей-офф кезеңіне шығып, онда Польша және Руанда құрамаларын сенімді түрде жеңді. Жартылай финалда қазақстандық волейболшылар әлемнің қазіргі чемпионы – Иран құрамасымен кездесті.

Қола жүлде үшін өткен матчта Қазақстан құрамасы Бразилия құрамасымен қайта кездесті.

Тартысты өткен ойын қазақстандық спортшылардың 3:2 есебімен жеңісімен аяқталып, ұлттық құрамаға волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатындағы тарихтағы алғашқы жүлдені сыйлады.



Бұл жетістік команданың жүйелі дамуының нәтижесі болды. Соңғы төрт жыл ішінде ұлттық құрама 2022 жылғы әлем чемпионатындағы жетінші орыннан әлем біріншілігінің қола жүлдесіне дейін көтеріліп, ал 2025 жылы өз тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев:

«Әлем чемпионатының қола жүлдесі – спортшылардың, жаттықтырушылар штабының және Федерацияның көп жылғы жүйелі еңбегінің нәтижесі.

Команда осы жетістікке кезең кезеңімен жетіп, жыл сайын ең ірі халықаралық жарыстарда өзінің өсіп келе жатқан деңгейін дәлелдеп отырды.

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық Құрамасы қазақстандық пара спорт тарихына жаңа парақ жазды.

Біздің волейболшылар елге волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатындағы тарихтағы алғашқы жүлдені сыйлап қана қойған жоқ, сондай-ақ Қазақстанның бүгінде әлемдік пара спорт көшбасшыларының бірі екенін де дәлелдеді».