2-4 шілде аралығында Чехияның Оломоуц қаласында пара жеңіл атлетикадан Гран-при кезеңі өтті.

Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының атынан үш пара спортшы өнер көрсетіп, жарыс қорытындысы бойынша үш алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың өнер көрсетуіндегі басты жетістіктердің бірі екі әлем рекордының орнатылуы болды.

Ирина Тыщенко (F45 класы) турнирдің үш дүркін жеңімпазы атанды. Спортшы диск лақтырудан, найза лақтырудан және ядро итеруден алтын медаль жеңіп алды. Диск лақтыру жарысында Ирина 25,72 м нәтиже көрсетіп, жаңа әлем рекордын орнатты. Спортшы тағы бір әлем рекордын ядро итеруде орнатып, 8,83 м нәтиже көрсетті.



Айсулу Сүлейменова (T62 класы) күміс және қола медаль жеңіп алды. 100 метрге жүгіруде спортшы 15,64 секунд нәтиже көрсетіп, жарыстың күміс жүлдегері атанды. 200 метрге жүгіруде Айсулу 33,23 секунд нәтижемен мәреге жетіп, үшінші орын алды.



Асем Жанадилова (F57 класы) найза лақтырудан қола жүлдегер атанды. Спортшы 12,48 м нәтиже көрсетіп, World Para Athletics (WPA Points) бойынша 48,09 ұпай жинады.