Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Италиядағы Қысқы Паралимпиада ойындарына 11 лицензия жеңіп алды

АСТАНА, ҚАЗАҚСТАН - 17 ақпан 2026 ж. – 2026 жылғы 6-15 наурыз аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XIV Қысқы Паралимпиада ойындары өтеді. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы іріктеу кезеңін сәтті аяқтап, спорттың екі түрінен 11 лицензияны ресми түрде иеленді: 7 лицензия пара шаңғы жарысынан және 4 лицензия пара биатлоннан.

«Біз спортшыларымыздың рухына сенеміз, олардың табандылығын мақтан тұтамыз және алдағы додаларда әрқайсысына өз мүмкіндіктерінің шыңына жетуді тілейміз. Бүкіл Қазақстан сіздерге жанкүйер болады», — деп атап өтті ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев.

Құраманың дербес құрамы: Көшбасшылар мен дебютанттар

Төрт жылдықтың басты қысқы жарыстарында ел намысын 7 спортшы қорғайды. Команданы әлемдік пара спорттың мойындалған көшбасшылары бастап барады: 2022 жылғы Бейжің Паралимпиадасының қола жүлдегері Александр Герлиц және пара биатлоннан әлем чемпионы әрі Үлкен хрусталь глобусының иегері* Ербол Хамитов.

(Пара биатлоншы Ербол Хамитовтың 2024-2025 жылғы маусымда жеңіп алған Хрусталь глобусы — «отырып жарысу» класында Әлем Кубогының жалпы есебіндегі жеңісі үшін берілетін басты марапат (кубок). Ол 1005 ұпай жинап, қысқы спорт түрлерінен соңғы 31 жылда мұндай нәтижеге қол жеткізген алғашқы қазақстандық атанды.)

Лицензия иегерлерінің толық құрамы:

Пара шаңғы жарысы (7 лицензия):

Александр Герлиц

Ербол Хамитов

Сергей Усольцев

Юрий Березин

Владислав Кобаль

Нұрлан Әлімов

Анна Грачова

Пара биатлон (4 лицензия):

Александр Герлиц

Ербол Хамитов

Сергей Усольцев

Юрий Березин

Жаттықтырушылар штабы және жүйелі дайындық

Ұлттық құраманың XIV Қысқы Паралимпиада ойындарына дайындығы мықты жаттықтырушылар штабының жетекшілігімен жүргізілуде. Пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан бас бапкер Василий Коломиец пен паралимпиадалық қысқы спорт түрлерінен аға жаттықтырушы Антон Жданович спортшыларды бабына келтірудің нақты стратегиясын құрды.

Артта үлкен марафон қалды: команда Щучинск (Қазақстан), Рамзау (Австрия), Сочи және Тюмень (РФ) қалаларында бірқатар қарқынды оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Сондай-ақ, 2026 жылдың қаңтар айында Нотшрай, Финстерау (Германия) және Якушице (Польша) қалаларында өткен Әлем Кубогы кезеңдерінде үздік нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта (15 ақпан мен 4 наурыз аралығында) ұлттық құрама Швейцарияның Санкт-Мориц қаласында қорытынды халықаралық оқу-жаттығу жиынын өткізуде, ол жерден тікелей Италиядағы Паралимпиада ауылына аттанады.

Милан-Кортина 2026 Паралимпиада ойындары туралы

Қысқы Паралимпиада ойындары — 1976 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ең ірі халықаралық спорттық сайыстардың бірі. 2026 жылғы Ойындарға әлемнің түкпір-түкпірінен 665 таңдаулы спортшы қатысып, спорттың 6 түрінен 79 медаль жиынтығын сарапқа салады деп күтілуде. Жаһандық квота 323 ерлер, 166 әйелдер және 176 гендерлік-тәуелсіз лицензияны* қамтиды.

(Ескерту: Гендерлік-тәуелсіз лицензиялар — бұл ерлерге немесе әйелдерге қатаң бекітілмеген арнайы квоталар. Оларды Халықаралық паралимпиада комитеті құрамдардың икемділігін және әлемдегі ең мықты атлеттердің барынша қатысуын қамтамасыз ету үшін бөледі).