Италияда XIV «Милан-Кортина 2026» қысқы Паралимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Әлемнің кілең мықтылары бақ сынаған додада Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы жалпы медальдық есепте 18-ші орынды иеленіп, тарихи нәтиже көрсетті. Бұл – еліміздегі паралимпиадалық спорттың жүйелі дамып келе жатқанының және атлеттеріміздің мұқалмас қайратының айқын көрінісі.
Ұлттық құрама сапында әйгілі қазақстандық пара шаңғышы Ербол Хамитов нағыз қаһармандық танытты. Бұған дейін әлем чемпионы атанып, тарихи Үлкен хрусталь глобусты жеңіп алған Ербол Италияның күрделі трассаларында өзінің элиталық спортшы екенін тағы да дәлелдеді. Оның пара шаңғы жарысындағы тамаша өнері спорттық шеберлік пен темірдей төзімнің символына айналып, құрама қоржынына баға жетпес медальдар салып, бүкіл Қазақстан халқының зор мақтанышын тудырды.
Италияның қарлы жолдарында еліміздің намысын пара биатлон және пара шаңғы жарысынан 7 спортшымыз қорғады: Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Нұрлан Алимов және Анна Грачова. Халықаралық бәсекелестіктің ең жоғары деңгейінде әрбір спортшы барын салды. Пекиндегі Ойындардың қола жүлдегері Александр Герлиц бастаған команда мүшелері тұрақты жоғары нәтижелер көрсетіп, Қазақстанның қысқы пара спорт мектебінің әлеуеті зор екенін паш етті.
ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің Президенті Қайрат Боранбаев спортшылардың өнерін жоғары бағалады:
«Әлем бойынша 18-ші орын алу – бұл орасан зор еңбек пен табандылықтың жемісі. Біз әрбір спортшымызды мақтан тұтамыз. Олардың Милан-Кортинадағы жетістігі – жылдар бойғы тынымсыз жаттығудың, темірдей тәртіп пен өз-өзіне деген сенімнің нәтижесі. Бұл жеңіс бапкерлер штабының қажырлы еңбегінсіз және мемлекеттің, атап айтқанда ҚР Туризм және спорт министрлігінің жүйелі қолдауынсыз мүмкін болмас еді. Біздің паралимпиадашылар адам мүмкіндігінде шек жоқ екенін тағы да дәлелдеді».
Қазақстандық паралимпиадашылардың 2026 жылғы қысқы Ойындардағы бұл жетістігі еліміздегі инклюзивті спортты дамытудың жаңа белесін ашады.
Италиядағы триумф ерекше қажеттіліктері бар жастарды жоғары жетістіктер спортына тартуға және Қазақстандағы теңдік пен кедергісіз орта құндылықтарын одан әрі ілгерілетуге қуатты серпін беретіні сөзсіз.