Бүгін Астана қаласындағы Паралимпиадалық дайындық орталығында Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиадалық комитеті мен французтілді аутизмі бар әйелдер қауымдастығының (AFFA) президенті, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық сарапшы Мари Рабатель арасында кездесу өтті.
Бұл кездесу Франция Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу, құқықтарды қорғау және инклюзивтілікті ілгерілету мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Кездесу барысында Мари Рабатель орталықтың жұмысымен, қазақстандық паралимпиадалық спортшылардың дайындық жағдайымен және бейімделген спорттың заманауи мүмкіндіктерімен танысты. Қонаққа нысан бойынша экскурсия ұйымдастырылды.
Кездесуге қатысушылар спортшылардың қауіпсіздігі мен жеке шекараларын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ Мари Рабатель ұсынған Франция Спорт министрлігі қолдайтын Réglo’Sport («Әділ спорт») жобасы таныстырылды.
Аталған жоба спортшылар мен мүгедектігі бар адамдарға өз құқықтарын жақсы түсінуге және спорттық ортада жеке шекараларын сақтауға көмектеседі.
Кездесу тәжірибе алмасу рухында өтіп, Қазақстан ҰПК мен Францияның серіктестері арасындағы паралимпиадалық спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.