«BI-Жұлдызай» корпоративтік қоры ұйымдастырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада Комитетінің қолдауымен өткізілетін «Жұлдызай-2025» Ұлттық инклюзивті ойындары 10-16 жас аралығындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге арналған.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің, сондай-ақ өңірлік әкімдіктер мен спорт және білім басқармаларының қолдауымен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей:
«Спорт пен дене шынықтыру қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс, ал ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы клубтар мен оңалту орталықтарын құрып, олардың даму мен толыққанды өмірге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет».
«Жұлдызай» ойындары осындай инклюзивті орта қалыптастырып, балаларға спорттық дағдыларын дамытуға және тең жағдайда әділ бәсекеге қатысуға мүмкіндік береді.
Ойындардың ашылу салтанаты 2 қазанда сағат 11:00-де Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында (Қабанбай батыр даңғылы, 43) өтеді.
Жарыстар 9 спорт түрі бойынша өтеді: мини-футбол, үстел теннисі, шоудаун, жеңіл атлетика, голбол, бочча, сондай-ақ ұлттық ойындар - бес тас, асық ату және тоғызқұмалақ.
Биыл алғаш рет бағдарламаға шоудаун енгізілді - көру қабілеті төмен және көзі көрмейтін спортшыларға арналған бейімделген үстел ойыны.
Халықаралық паралимпиадалық комитеті мойындаған және «көрмей ойнайтын үстел теннисі» деп аталатын шоудаун спорт түрі ғана емес, сонымен бірге балалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын тиімді инклюзия құралына айналып отыр.
«Жұлдызай» ойындары Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің 2025 жылға арналған бұқаралық спорттық іс-шаралардың Бірыңғай күнтізбелік жоспарына енгізілген.
Жарыс жеңімпаздары халықаралық турнирлерге қатысуға және спорттық разрядтар алуға мүмкіндік алады.
Ойындардың бас серіктестері – «Самрұк-Қазына» АҚ, Sport Qory» спортты қолдау қоры және BI Group құрылыс холдингі. Ақпараттық серіктес - Qazsport телеарнасы.