«Тойота Мотор Қазақстан» компаниясы Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитетіне тағы да микроавтобустар сыйға тартты

«Тойота Мотор Қазақстан» компаниясы Ұлттық Паралимпиада комитетіне (ҰПК) атлеттердің қажеттіліктері үшін Toyota Hiace микроавтобусының екі бірлігін сыйға тартты. Паралимпиада атлеттері автокөліктерді оқу-жаттығу жиындары мен түрлі дайындық жарыстарына қатысу үшін пайдаланады.

Жалпы Ұлттық Паралимпиада комитетінің қарамағында Toyota Hiace микроавтобусының сегіз бірлігі бар. Паралимпиада атлеттеріне барынша ыңғайлы болуы үшін алты автокөлік мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне сай қайта жабдықталды. «Тойота Мотор Қазақстан» компаниясы Ұлттық Паралимпиада комитетіне сегіз автокөліктің төртеуін қайтарымсыз негізде сыйлады. Тағы төрт микроавтобус комитетпен ынтымақтастық аясында үнемі жаңартылып тұрады.

Компания мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитеті 2017 жылы серіктестік туралы келісімге қол қойды. Сол жылы Toyota Motor Corporation жаһандық Start Your Impossible науқанын іске қосты, оның мақсаты – әр адам мүмкін болмаған нәрсеге төтеп бере алатын еркін әрі ашық қоғам құруға жағдай жасау. Осы науқан арқылы Toyota әр адамның өз арманына жету үшін кез келген кедергіні еңсере алатынын еске салғысы келеді.

«Тойота Мотор Қазақстан» компаниясы науқанға белсенді түрде қатысып, қазақстандық Паралимпиада атлеттерінің жетістіктері туралы бірқатар бейнероликтер түсірді. 2021 жылы компания Қазақстан Паралимпиада чемпиондарын қолдап, Start Your Impossible науқанын қайта іске қосуды жоспарлап отыр.

24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Токиода XVI Жазғы Паралимпиада ойындары өтеді. Олимпиада және Паралимпиада ойындары барысында Токио-2020 Toyota әр адамға еркін жүріп-тұру мүмкіндігін беру мақсатымен әзірленген бірегей мобильділік шешімдері сериясын ұсынады. Олардың бірі – спортшылар, персонал және мүмкіндігі шектеулі Ойын қонақтары жайлы жүріп-тұруы үшін әзірленген APM (Accessible People Mover) жылжымалы көлік құралы.

Фото: paralympics.org