2 қыркүйектен бастап паралимпиадашылардың жаһандық пандемияға байланысты 2021 жылға ауыстырылған Токио-2020 ойындарына дайындығы туралы бейнероликтер республикалық «Qazaqstan», «Хабар», «Qazsport», «Ел арна» телеарналарында, сонымен қатар аймақтық телеарналарда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен көрсетіле бастады.

Бұл бейнероликтер сериясы пандемияға байланысты халықаралық жарыстар тоқтатылып, ал жаттығу залдары мен бассейндер карантинде болған кезде біздің спортшылар қалай жаттығып, дайындалып жатқандарын көрсету үшін түсірілген.

Ең бастысы – паралимпиадашылар ерік-жігері мен жеңіс рухын жоғалтқан жоқ! Олардың барлығы өз мақсаттарын айқын түсінеді және алдағы барлық ірі жарыстарда биік тұғырларды бағындыруға бел буады. Қазіргі уақытта қазақстандық паралимпиада құрамасында пара таэквондо мен жүзуден 7 лицензия бар. Алда тағы 9 спорт түріне лицензия алу жоспарлануда.

Спортшылардың дайындық күнделігі он күннің ішінде күнделікті екі рет көрсетіледі.

Бейнероликтерге:

- Рио 2016 Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Габидуллина,

- пара дзюдодан Әлем Кубогының жеңімпазы Теміржан Дәулет,

- пара таэквондодан екі дүркін әлем чемпионы, Азияның үш дүркін чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы Нурлан Домбаев,

- пара жүзуден Азия ойындарының чемпионы Сиязбек Далиев,

- пара жүзуден Азия ойындарының бес дүркін чемпионы Ануар Ахметов,

- пара ату (нысана көздеу) бойынша Қазақстан чемпионы Айдос Жылқышинов?

- пара жүзуден Азия ойындарының чемпионы Ержан Сәлімгереев,

- отырып ойнау волейболынан ұлттық құраманың ойыншысы Алмат Оспанов,

- пара таеквондодан Азияның күміс жүлдегері Нысанбек Айдарбеков қатысты.