Палуандардың дайындығы мен пара дзюдоның елімізде дамуы туралы пара дзюдодан ҚР құрама командасының бас жаттықтырушысы Жандос Қиянов айтып берді.

Құрама туралы

Құрама команда былтырғы Азия чемпионатының алдында жасақталды. Осы жылдың басында өткен республикалық чемпионатта тағы да іріктеу өтті, ол жерде жаңадан спортшылар келіп күресті. Солардың күресін бағамдап қарадық: екі әйел палуан қосылды. Бұл әйелдер арасындағы пара дзюдо күресінің жайлап дамып келе жатқанын көрсетеді.

Айта кету керек, қазір әлемдік рейтингте 60 кг салмақта қос палуанымыз үздік төрттікте тұр, 66 кг салмақта 10-шы орында, 73 кг салмақта палуанымыз 4-ші орында, 81 кг салмақта палуанымыз 20-шы орында, 90 кг және 100 кг салмақта 17-ші орында орналасты. Әйелдер арасында +70 кг салмақта Зарина Байбатина 7- ші орында. Алла қаласа, алдағы рейтингтік жарыстарға қатысып, одан да жоғары көтерілуге және паралимпиада ойындарына көбірек лицензия алуға тырысамыз.

Ұлттық паралимпиада комитетіне, облыстық спорт басқармаларына, ҚР пара дзюдо федерациясына спортшылар және жаттықтырушылардың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Біздің ұлттық құраманың барлық оқу-жаттығу жиындарына, әлемдік додаларға тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік жасап жатқадарына алғыс білдіреміз.

Жарыстар туралы

Жылдың басындағы чемпионатта біздің бірінші нөмірлі палуандарымыз күреспегеніне қарамастан, басқа палуандар өте жақсы нәтиже, жақсы күрес көрестті, үлкен бәсекелестік болды. Соның нәтижесі бойынша облыстар бойынша айтатын болсақ, Атырау облысы – 1-ші орында, Нұр-Сұлтан қаласы – 2-ші орында, Қызылорда облысы 3-ші орында тұрақтады.

Одан кейін наурыз айында Тбилисиде өткен тек ерлер арасындағы Әлем Кубогына қатыстық. Ол жерде әлемнің ең мықты деген әр салмақтың әлемдік рейтингте оныншы нөмірге дейін спортшылары күресті. Бқл жерде палуандарымыздың ішінде 73 кг салмақта Даулет Темиржан жақсы өнер көрсетті. Мықты палуандардың қатысқанына қарамастан, осы жарыстың чемпионы атанды. Басқа палуандарымыз өздерінің барлық потенциалын көрсете алмады.

Пара дзюдо туралы

Қазақстанда қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және 11 облыста пара дзюдошыларымыз бар. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында спортшылар әзірше жоқ. Алдағы уақытта сол облыстардан қосылады деп ойлаймыз.

Қай облыстарда мықты дамыған десеңіз, Атырау облысы - 1-ші орында, одан кейін Қызылорда облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы қаласы, Алматы облысы – осы жерлерде пара дзюдо жақсы дамыған.

Алдағы жоспарлар

Қазіргі қиындық тек қана біздің құрама команданың басында емес, бүкіл әлемнің басына түсіп отырған індетке байланысты бүкіл жоспраларымызды өзгерту керек болып жатыр. Әлемдік додалар кейінге және біздің жоспарлап қойған оқу-жаттығу жиындарымыз, жарыстарымыз кейінге қалдырылып жатыр. Оны еңсеріп, ел болып жеңіп өтіп, алдағы уақытта қазақ елінің әнұранын шырқатып, жалауын желбіретеміз деп палуандарымызға сенеміз.

Қазіргі уақытта осы індетке байланысты палуандарымыз өздерінің аймақтарында, облыстарында, спорттық клубтарында дайындалып жатыр. Спорттық жарыстарды өткізуге рұқсат берсе, алдағы жоспарымыз тамыз айында Тбилиси кубогына қатысамыз, сол жерде сонымен қатар оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Сосын қазан айында Өзбекстанда жоспарланып отырған Гран-при жарысына қатысуға дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Қараша айында Бакуде Әлем Кубогы жоспарланып отыр. Енді осы індеттен жылдамырақ әлем болып адамзат болып өтсек, Алла қаласа, осы жоспарларды іске асырып, келесі жылға паралимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалуға кірісеміз.