14 қыркүйек күні Ақтөбе қаласындағы "Жекпе жек" сарайында еліміздің V Жазғы Паралимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов ашылу салтанатындағы сөзінде жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс ойдағыдай өтетініне сенім білдірді.

Салтанатты жиын барасында облыстық филармония өнерпаздары спортшылар мен қонақтарға өз өнерлерін паш етті.


Ойындар нәтижесі бойынша жеңімпаздар сапынан ұлттық құрамаға жаңа спортшылар қосылмақ. Кезекті Паралимпиадалық ойындарда спорттың алты түрі бойынша  500 ге жуық медаль сарапқа салынып отыр. Қазақстанның  барлық  өңірінен келген  800-ден астам пара спортшылар отырып ойнайтын волейбол, пара дзюдо, оқпен ату, жеңіл атлетика, үстел теннисі, пара пауэрлифтинг бойынша бақ сынайды.

Төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Ақтөбе облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтуде.