2026 жылғы 18 қазанда Жапонияның Нагоя қаласындағы Мидзухо саябағының жеңіл атлетика стадионында Айти-Нагоя 2026 V Азия Пара ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлттық делегациялар шеруіне Қазақстан құрамасының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Париж-2024 Паралимпиада ойындарының пара жеңіл атлетикадан қола жүлдегері Дастан Мукашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мереке алып шықты.
Ойындарда Қазақстан атынан 12 спорт түрінен 152 спортшы өнер көрсетеді: пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара дзюдо, пара таеквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара садақ ату, пара оқ ату, пара велоспорт, волейболды отырып ойнау, бочча және арбадағы теннис. Қазақстанның Азия Пара ойындарына қатысу тарихында алғаш рет ел спортшылары арбадағы теннистен сынға түседі.
Ашылу салтанатында Қазақстан құрамасына Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Кайрат Советаевич Боранбаев, КР ҰПК вице-президенттері Бакыт Аманжолович Сапаров және Диас Тулеутаевич Сулейменов қолдау білдірді.
Кайрат Боранбаев құрамаға сәтті өнер көрсетуді тілеп, қазақстандықтарды спортшыларға қолдау көрсетуге шақырды.
Қазақстан құрамасы Мемлекеттік туымызбен стадионға шыққан сәтте оның артында бүкіл ел тұр. Әр спортшы үшін бұл сәт - көпжылдық дайындықтың, жаттықтырушылар еңбегінің және жақындарының қолдауының нәтижесі. Енді алда команда үлкен жол жүріп жеткен жауапты жарыстар күтіп тұр. Спортшыларымызға сенімділік пен сәтті старттар тілеймін. Қазақстандықтарды Ойындарды бірге тамашалап, құрамамызға жанкүйер болуға шақырамын. Әр спортшымыз өз елінің қолдауын сезінсін, - деді Кайрат Боранбаев.

Ашылу салтанатының негізіне WABI - We Are Beautiful Individuals тұжырымдамасы алынды. Оның идеясы әр адамның даралығына құрметпен қарауға және айырмашылықтарын сақтай отырып, адамдарды біріктіруге бағытталған.
Ойындар алауының тостағаны мен қарсы алу қақпаларын қоса алғанда, безендірудің жекелеген элементтерін әзірлеуге Айти префектурасының тұрғындары да атсалысты.
Қабылдаушы өңірді біріктіретін символдардың бірі - жарыс алауы. Ол Айти префектурасының 31 муниципалитетінде түрлі тәсілмен жағылған оттарды біріктіру арқылы қалыптастырылды.
V Азия Пара ойындары 18-24 қазан аралығында Imagine One Heart ұранымен өтеді. Бұл ұран спорт арқылы бірлік идеясын білдіреді. Азия Паралимпиада комитетінің мәліметінше, жарысқа 45 ұлттық паралимпиада комитетінен шамамен 2700 спортшы қатысады. Ойындар бағдарламасына 18 спорт түрі енгізілген.
Қолжетімділік қағидаты жүлделер дизайнында да көрініс тапқан. Медальдарда Брайль қарпімен жазылған белгі және алтын, күміс пен қоланы сипап ажыратуға мүмкіндік беретін тактильді таңбалар қарастырылған. Оларды дайындауға пайдаланылған материалдардың бір бөлігі қайта өңделген электрондық құрылғылардан алынған, ал медаль қаптамалары Айти префектурасында өсірілген жапон кипарисінен жасалған.
Фото: Аян Несипбеков