2026 жылғы 17 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында Айти-Нагоя 2026 V Азия Пара ойындары делегацияларын ресми қарсы алу аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті. Іс-шара Нагоя портындағы Garden Pier аумағында орналасқан Athlete Plaza алаңында өтті. Қазақстанмен бірге рәсімге Бутан, Камбоджа, Корея Республикасы және Өзбекстан делегациялары қатысты. Рәсімде Қазақстан делегациясының атынан Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Кайрат Боранбаев, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Марат Даирович Каскербаев, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Асылбекович Дукетаев және ұлттық құрама өкілдері қатысты. «Мемлекеттік тудың көтерілуі - біздің команда үшін маңызды сәт. Ойындарға қатысудың артында спортшылардың көпжылдық дайындығы, жаттықтырушылар мен мамандардың еңбегі тұр. Алда жауапты жарыстар күтіп тұр, сондықтан әр спортшы өз елінің қолдауын сезінуі маңызды. Құрамамызға сенімді өнер көрсетіп, дайындық барысында атқарылған жұмыстың нәтижесін толық көрсетуге тілектеспін» - деп атап өтті Кайрат Советаевич. Рәсім аясында Кайрат Боранбаев Атлеттер ауылының мэріне естелік кәдесый және инватакси қызметін пайдаланатын балалардың суреттері бейнеленген ARGYMAQ @argymaq свитшотын табыстады. Суреттер Қазақстанның Паралимпиада құрамасын Азия Пара ойындарында қолдау мақсатында салынған. V Азия Пара ойындары 2026 жылғы 18-24 қазан аралығында Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Қазақстан атынан 12 спорт түрінен 152 спортшы өнер көрсетеді. Фото: Аян Несипбеков