Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде 18-24 қазан аралығында Жапонияда өтетін Aichi-Nagoya 2026 V Азия Пара ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Еліміздің басты нышаны — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын Париж-2024 Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Дастан Мұқашбековке және пара дзюдодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мерекеге алып жүру сеніп тапсырылды. Биыл Азия Пара ойындарында Қазақстан атынан спорттың 12 түрінен 150 спортшы өнер көрсетеді. Сондай-ақ рәсім барысында командаға Vietjet Qazaqstan компаниясы ұсынған ұлттық құраманың ресми маскоты — Жеңіс табысталды. Тұмар жарыс бойы спортшыларымызбен бірге болады. ҚР Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев ұлттық құрамаға ұшу алдында өзінің ақжолтай тілегін жеткізіп, қолдау білдірді: «Азия Пара ойындары — құрлығымыздағы басты дода. Оның ауқымын түсіну үшін айта кетейін: бұл әлем халқының 60 пайыздан астамы тұратын елдер арасындағы бәсеке. Жапония ареналарында біздің 150 спортшымыз сынға түседі. Мен олардың қалай дайындалып жатқанын көрдім және бір нәрсені нақты айта аламын: әрқайсысының артында орасан еңбек пен темірдей жігер тұр. Олар өз көшбасшылығын дәлелдеуге барады. Бүкіл ұлттық құрамамызға сәттілік тілеймін, біз сіздерге күн сайын жанкүйер боламыз. Алға, Қазақстан!» Спортшыларымыздан жарқын өнер күтеміз және жеңістеріне сенеміз! 🏆