Бүгінгі таңда отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрамасы әлемдік командалық рейтингте оныншы орында орналасқан.

Спортшылардың дайындығы мен пара волейболдың елімізде дамуы туралы Отырып ойнау волейболынан ҚР құрама командасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов айтып берді.

Құрама туралы

Қазіргі таңда командада 16 спортшы бар: 12 – незізгі, 4 – резервте. Бізде барлығы қатал, біреуін наурыз айында тәртібі үшін шығардым. Ал жастар бойынша үш жігітке резервтік құрамға алуға ұсыныс бердім. Командада жігіттердің бүгінгі күні дайындықтары жаман емес. Көктемде Америкада отырып ойнайтын волейболдан біліктілік турниріне барып тұрып, коронавирустың таралуына байланысты кейін қайттық. Сонда байқағанымыз, біздің командамыз өсті. Америка құрамасы рейтинг бойынша 5-6-шы орында тұрғанымен, турнирге дейін олармен үш рет кездестік, сонда үш рет оларды жеңдік. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Отырып ойнау волейбол спорты туралы

Жақында федерациямыз республикалық аккредитациядан өтті! Бұл аккредитация Қазақстанда отырып ойнау волейболды жан-жақты дамытуға, сонымен қатар жаттықтырушылар мен төрешілерді аккредитациялауға мүмкіндік береді.

Ел біріншілігі чемпионатында бүгінгі күні 13 команда бар. Олардың ішінде ең мықтысы – Атыраудың жігіттері, екінші орын – Қызылорда, үшінші орында Маңғыстау тұр. Басқа да облыстар бар ғой. Сол жақтарда волейболды дамытуымыз керек; соған қазір жұмыс жасап жатырмыз. Негізгі жоспарымыз әрбір облысқа құрама команданы алып барып, он күннен сбор өткізіп, үйретіп көрсетіп кету. 12 айда 12 облысқа баруға болады. Сол жерлерден жақсы балаларды қарап, оларды ортаға тарту.

Қайырымдылық туралы

Менің командамда екі жігіт Мақтарал ауданынан. Ауылдағы жағдайды естідік те, Атыраудағы спортшылар қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Біздің мүгедектер спорт клубының атынан бір жүк машинасын азық-түлікке толтырдық. Соның ішінде біздің волейболистер өз үлесін қосты. Бұл қайырымдылық емес, адамгершілік жөнінде ғой. Адам өз-өзін мақтанып көрсету емес, қол ұшын беріп көмектесуге болады. Бұл – әр адамның өзіндік міндеті. Ол адамның түсінігіне байланысты деп ойлаймын.

Алдағы жоспарлар

Карантин уақытында өзіміз екі жарым ай үйде қашықтықтан дайындалдық. Күнделікті тапсырманы орындап, видео есеп жіберіп отырдық, солай жұмыс жасадық.

Амандық болса, паралимпиадаға дайындаламыз. Жағдай реттелгеннен кейін, оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жігіттердің бүгінгі күні дайындығы жаман емес. Дайындық пен көрсеткіш еңбекпен келетін нәрсе ғой.