Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы Паралимпиадалық жаттығу орталығының жұмысымен танысу үшін арнайы келді.

Ұлттық паралимпиадалық комитеттің президенті Қайрат Боранбаев қонақтарды еліміздегі паралимпиадалық қозғалыстың қызметімен және мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында бұқаралық спорттың дамуымен таныстырды.

Боранбаев Паралимпиадалық қозғалысты дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын, сондай-ақ Паралимпиадалық жаттығу орталығы негізіндегі мемлекеттік-жеке меншік ынтымақтастық аясындағы сәтті серіктестікті атап өтті.

Орталыққа күніне 150-ден аса адам келеді. Жаттығулар спорттың 16 түрінен өтіп, әр түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Соның ішінде қарашаның 1-2-де өткен балалар арасындағы алғаш Паралимпиадалық ойындарын ерекше атап өтуге болады. Оған 220-дан аса балалар қатысты.

Алтай Көлгінов әкімдік келесі жылдан бастап балалар арасындағы паралимпиадалық жарыстарын өткізуге жүйелі түрде қолдау көрсететінін атап өтті.

Вице-премьер бұл бастаманы қолдап, Білім және ғылым министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, балалар арасындағы паралимпиада ойындарын республикалық деңгейде ұйымдастырып, қарастыруды тапсырды.

Оның пікірінше, спорт – мүгедектерді оңалтудың маңызды құралдарының бірі болып табылады, сондықтан ұқсас жаттығу орталықтарын мемлекетіміздің басқа да аймақтарында ашу қажеттілігін айтты.

«Спорт – біреулер үшін өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, денсаулықты жақсартудың амалы, ал басқалар үшін – кәсіби спорттық шеберлікті меңгерудің мүмкіндігі. Біздің міндетіміз – спортты азаматтардың барлық санатына, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға қол жетімді ету», - деді Сапарбаев.

Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары спортшылармен сөйлесіп, оларға алдағы Токиода өтетін ойындарда үлкен жетістіктер мен нәтижелерге жетуді тіледі.

Орталықтың директоры Шыңғыс Темерханов ағымдағы жылдың қараша айында іске қосылған жаңа ақпараттық жүйе туралы айтып берді. Оның айтуынша, автоматтандырылған процеске көшу жаттығу орталығының қызметіне сапалы талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Әр келушіде халықаралық ауруларды тіркеу жүйесімен жабдықталған карта бар. Бұл картаға сырқатнама және жеке диагнозға сәйкес жаттығу залдарына рұқсатнама енгізіледі.

Ресми іс-сапар аясында спорттың ойын түрлерімен (көзі нашар көретіндерге арналған футбол, церебралды сал футболы, арбадағы регби, голбол) шұғылдануға арналған манеж және арбадағы пара керлингке арналған арена жобалары таныстырылды. Бұл шешім мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдану деңгейін көтеруге және ұлттық құрама үшін оқу-жаттығу жиындарын және халықаралық турнирлерді өткізуге мүмкіндік береді.